Қазақстан Республикасының Конституциясы

Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген
Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде
мемлекеттiлiк құра отырып,
өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық
мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық
қоғам деп ұғына отырып,
дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын
алуды тiлей отырып,
қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы
жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып,
өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге
ала отырып
осы Конституцияны қабылдаймыз.

I бөлім. Жалпы ережелер

1-бап

  1. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.
  2. Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
    Ескерту. 1-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.12.21. N 18/2 қаулысымен.

2-бап

  1. Қазақстан Республикасы - президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет.
  2. Республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi.
  3. Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның елордасы Астана қаласы болып табылады.
  4. Қазақстан Республикасы және Қазақстан атауларының мәнi барабар.
    Ескерту. 2-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.04.23. N 4 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

3-бап

  1. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы - халық.
  2. Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi.
  3. Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады.
    Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар. Республика Үкiметi мен өзге де мемлекеттiк органдар мемлекет атынан оларға берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ғана билiк жүргiзедi.
  4. Республикада мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылады.
    Ескерту. 3-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12. N 1/2 қаулысымен.

4-бап

  1. Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да мiндеттемелерiнiң, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Соты нормативтiк қаулыларының нормалары болып табылады.
  2. Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және Республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады.
  3. Республика бекiткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады.
  4. Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми түрде жариялау оларды қолданудың мiндеттi шарты болып табылады.
    Ескерту. 4-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.10.11. N 18/2 қаулысымен.

5-бап

  1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Мемлекеттiк органдарда партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.
  2. Қоғамдық бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Қоғамдық бiрлестiктер iсiне мемлекеттiң және мемлекет iсiне қоғамдық бiрлестiктердiң заңсыз араласуына, қоғамдық бiрлестiктерге мемлекеттiк органдардың қызметiн жүктеуге жол берiлмейдi.
  3. Мақсаты немесе iс-әрекетi Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар құруға тыйым салынады.
  4. Республикада басқа мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтарының қызметіне, дiни негiздегi партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсiптiк одақтарды шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берiлмейдi.
  5. Шетелдiк дiни бiрлестiктердiң Республика аумағындағы қызметi, сондай-ақ шетелдiк дiни орталықтардың Республикадағы дiни бiрлестiктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиiстi мемлекеттiк органдарымен келiсу арқылы жүзеге асырылады.
    Ескерту. 5-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.06.07. N 4/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

6-бап 1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.
2. Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгіне де қызмет етуге тиiс. Меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi.
3. Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн.
Ескерту. 6-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.11.03. N 19/2, 6-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.04.13. N 2/2, 2003.04.23. N 4, 6-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12. N 1/2 қаулыларымен.
7-бап 1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi.
2. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
8-бап Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтейдi, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпау, халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу саясатын жүргiзедi, қарулы күштi бiрiншi болып қолданудан бас тартады.
Ескерту. 8-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12. N 1/2 қаулысымен.
9-бап Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Гимнi бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
II бөлім
АДАМ ЖӘНЕ АЗАМАТ
10-бап 1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негiзде алынғанына қарамастан, бiрыңғай және тең болып табылады.
2. Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзiнiң азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды.
3. Республика азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды.
Ескерту. 10-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.12.01. N 12 қаулысымен.
11-бап 1. Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.
2. Республика өзiнiң одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.
12-бап 1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.
2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.
3. Республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады.
4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады.
5. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс.
Ескерту. 12-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.12.01. N 12, 2007.04.18. N 4 Қаулыларымен.
13-бап 1. Әркiмнiң құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқығы бар және өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын, қажеттi қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлдермен қорғауға хақылы.
2. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.
3. Әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегi тегiн көрсетiледi.
Ескерту. 13-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22. N 7/2, 2002.02.15. N 1 қаулыларымен.
14-бап 1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең.
2. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды.
Ескерту. 14-баптың 1 және 2-тармақтарына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10. N 2/2, 14-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22. N 7/2 қаулыларымен.
15-бап 1. Әркiмнiң өмiр сүруге құқығы бар.
2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.
Ескерту. 15-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30. N 10 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
16-бап 1. Әркiм өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы бар.
2. Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Соттың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ұстауға болады.
3. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбiр адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегiн пайдалануға құқылы.
Ескерту. 16-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.12.31. N 13 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
17-бап 1. Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды.
2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды.
18-бап 1. Әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.
2. Әркiм өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тiкелей белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.
3. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматқа өзiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
19-бап 1. Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.
2. Әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар.
20-бап 1. Сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады.
2. Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиясы болып табылатын мәлiметтер тiзбесi заңмен белгiленедi.
3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi.
21-бап 1. Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбiр адам, заңда көрсетiлгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты мекендi өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.
2. Әркiмнiң Республикадан тыс жерлерге кетуiне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергiсiз қайтып оралуына құқығы бар.
22-бап 1. Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар.
2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы мiндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиiс.
23-бап 1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiктердiң қызметi заңмен реттеледi.
2. Әскери қызметшiлер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьялар партияларда, кәсiптiк одақтарда болмауға, қандай да бiр саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиiс.Ескерту. 23-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.07.05. N 13/2 қаулысымен.
24-бап 1. Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкiмi бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi.
2. Әркiмнiң қауiпсiздiк пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегi үшiн нендей бiр кемсiтусiз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға құқығы бар.
3. Ереуiл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгiленген тәсiлдердi қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады.
4. Әркiмнiң тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша, жұмыс iстейтiндерге заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепiлдiк берiледi.
Ескерту. 24-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10. N 2/2 қаулысымен.
25-бап 1. Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны тексеруге және тiнтуге заңмен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.
2. Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасалады. Заңда көрсетiлген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретiн ақыға берiледi. 
26-бап 1. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады.
2. Меншiк, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдiк берiледi.
3. Соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн.
4. Әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығы бар. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi әрi шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
Ескерту. 26-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.06.16. N 6/2, 2000.12.20. N 21/2, 2005.07.01. N 4 қаулыларымен. 
27-бап  1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
3. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
28-бап  1. Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негiздерде оған ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiнде әлеуметтiк қамсыздандырылуына кепiлдiк берiледi.
2. Ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасау және қайырымдылық көтермеленiп отырады.
Ескерту. 28-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.12. N 3/2 қаулысымен.
29-бап 1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
2. Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы.
3. Мемлекеттiк және жеке меншiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүргiзiледi.
30-бап 1. Азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi. Орта бiлiм алу мiндеттi.
2. Азаматтың мемлекеттiк жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға құқығы бар.
3. Жекеменшiк оқу орындарында ақылы бiлiм алу заңмен белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
4. Мемлекет бiлiм берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Кез келген оқу орнының қызметi осы стандарттарға сай келуi керек. 
31-бап 1. Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды.
2. Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соғады. 
32-бап Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттiк қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерi үшiн заңмен шектелуi мүмкiн. 
33-бап 1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей өзi жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiштер жолдауға құқығы бар.
2. Республика азаматтарының мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.
3. Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
4. Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттiк қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық мiндеттердiң сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгiленедi.
Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен.
34-бап 1. Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
2. Әркiм Республиканың мемлекеттiк рәміздерін құрметтеуге мiндеттi.
Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
35-бап Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады.
36-бап 1. Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi.
2. Республика азаматтары заңда белгiленген тәртiп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.
37-бап Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi.
38-бап Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi.
39-бап 1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн.
2. Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.
3. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр түрде шектеуге жол берiлмейдi. Конституцияның 10; 11; 13-15-баптарында; 16-бабының 1-тармағында; 17-бабында; 19-бабында; 22-бабында; 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбiр жағдайда да шектелмеуге тиiс.
III бөлім
ПРЕЗИДЕНТ 40-бап 1. Қазақстан Республикасының Президентi - мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Республиканың Президентi - халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi.
3. Республика Президентi мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi. 
41-бап 1. Қазақстан Республикасының Президентiн конституциялық заңға сәйкес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды.
2. Республика Президентi болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.
3. Республика Президентiнiң кезектi сайлауы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.
4. алып тасталды
5. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi. Егер кандидаттардың бiрде-бiрi көрсетiлген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екi кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi.
Ескерту. 41-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 41-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1998.10.09. N 9/2, 41-баптың 1 және 3-тармақтарына түсініктеме берілді - 2005.08.19. N 5 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
42-бап 1. Қазақстан Республикасының Президентi: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi.
2. Ант беру қаңтардың екiншi сәрсенбiсiнде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң қатысуымен өткiзiледi. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған адам Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған күнiнен бастап бiр ай iшiнде ант бередi.
3. Республика Президентiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады.
4. алып тасталды
5. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды.
Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.
Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284, 2007.05.21. N 254 Заңдарымен. 
43-бап 1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлдi органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетiн қызметтердi атқаруға және кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
2. алып тасталды
Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
44-бап Қазақстан Республикасының Президентi:
1) Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;
2) Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Республика Үкіметінің құрылымын айқындайды; Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Республика Үкіметінің мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырады; Республика Үкіметі мен Премьер-Министрінің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;
4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;
5) Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) Республика дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын тағайындайды және керi шақырып алады;
7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
8) Республиканың мемлекеттiк бағдарламаларын бекiтедi;
9) Республика Премьер-Министрiнiң ұсынуымен Республиканың мемлекеттiк бюджетi есебiнен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлерiне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiтедi;
10) республикалық референдум өткiзу жөнiнде шешiм қабылдайды;
11) келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекiту грамоталарына қол қояды; өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
12) Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердiң жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;
13) Республиканың мемлекеттiк наградаларымен марапаттайды, құрметтi, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, бiлiктiлiк сыныптарын бередi;
14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;
15) азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асырады;
16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнген, мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейiн Республика Парламентiне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзудi, Республиканың Қарулы Күштерiн қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететiн шараларды қолданады;
17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген ретте Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде әскери жағдай енгiзедi, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды;
18) өзiне бағынысты Республика Президентiнiң Күзет қызметiн және Республикалық ұланды жасақтайды;
19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайды; Республика Президентiнiң Әкiмшiлiгiн құрады;
20) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;
21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Ескерту. 44-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 44-баптың 13) тармақшасына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.06.30. N 10/2, 44-баптың 2) тармақшасына түсініктеме берілді - 2000.07.03. N 15/2, 44-баптың 9) тармақшасына түсініктеме берілді - 2001.11.12. N 14/2 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
45-бап 1. Қазақстан Республикасының Президентi Конституция мен заңдар негiзiнде және оларды орындау үшiн Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады.
2. Конституцияның 53-бабының 4)-тармақшасында көзделген ретте Республика Президентi заңдар шығарады, ал 61-баптың 2-тармағында көзделген ретте Республиканың заң күшi бар жарлықтарын шығарады.
3. Республиканың Президентi қол қоятын Парламент актiлерi, сондай-ақ Үкiмет бастамасымен шығарылатын Президенттiң актiлерi тиiсiнше осы актiлердiң заңдылығы үшiн заңдық жауапкершiлiк жүктелетiн Парламенттiң әр Палатасының Төрағаларының не Премьер-Министрдiң алдын-ала қолдары қойылып тиянақталады.
Ескерту. 45-баптың 2) тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.07.03. N 15/2 қаулысымен.
46-бап 1. Қазақстан Республикасының Президентiне, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды.
2. Республика Президентi мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелерi Республиканың экс-Президенттерiне қолданылады.
4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады.
Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
47-бап 1. Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиiстi салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негiзiнде әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiгiмен қабылданады.
2. Республиканың Президентi өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiндегi iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап бередi және бұл үшiн Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжiлiс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн. Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестiң қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдамау Республика Президентiне қарсы тағылған айыптың күшi жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентiне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңiнде де осы мәселенiң қаралуына себепшi болған Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.
3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Республика Парламентiнiң немесе Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.
Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен. 
48-бап 1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасына көшедi; Мәжiлiс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министрiне көшедi. Өзiне Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған тұлға тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының немесе Премьер-Министрдiң өкiлеттiгiн тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттiк лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздерде және тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.
Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен.
IV бөлім
ПАРЛАМЕНТ 49-бап 1. Парламент - Қазақстан Республикасының заң шығару қызметiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.
2. Парламенттiң өкiлеттiгi оның бiрiншi сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттiң бiрiншi сессиясы жұмысқа кiрiскен кезден аяқталады.
3. Парламенттiң өкiлеттiгi Конституцияда көзделген реттер мен тәртiп бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
4. Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгiленедi.
Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 49-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.07.14. N 13/2 қаулысымен.
50-бап 1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.
2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды.
3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады.
4. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
5. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.Ескерту. 50-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 50-баптың 5-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.15. N 1/2, 1999.11.29. N 24/2, 2003.02.11. N 1, 50-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - 2004.02.12. N 1 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
51-бап  1. Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.
2. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезектi сайлауы бұлардың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткізiледi.
3. Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.
5. Республика Парламенті депутаттарын сайлау конституциялық заңмен реттеледі.
6. Парламенттiң депутаты Қазақстан халқына ант бередi.
Ескерту. 51-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 51-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.18. N 5/2, 51-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - 1999.11.29. N 24/2, 51-баптың 5-тармағына түсініктеме берілді - 2003.02.11. N 1 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен. 
52-бап 1. алып тасталды
2. Парламент депутаттары оның жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте депутаттың жеке өзi ғана дауыс бередi. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқа бiреуге беруi депутатқа заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
3. Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмыс атқаруға, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
4. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
5. Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
Парламент депутаты:
1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Мәжілісінің депутаты:
1) депутат конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
2) конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.
6. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 3-тармағының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерiн сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтатуға және өкiлеттігiнен әрi депутатқа ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан айыруға байланысты мәселелердi әзiрлеу Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледi.
Ескерту. 52-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 52-баптың 3 және 5-тармақтарына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.05.17. N 7/2, 2003.05.12. N 5, 52-баптың 1 және 5-тармақтарына түсініктеме берілді - 2001.12.13. N 19/2, 52-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - 2003.01.30. N 10, 52-баптың 4 және 5-тармақтарына түсініктеме берілді - 2003.02.11. N 1 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен. 
53-бап Палаталардың бірлескен отырысында Парламент:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
2) Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді;
3) Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы;
4) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;
5) Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды;
6) Конституциялық Кеңестің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;
7) палаталардың бірлескен комиссияларын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады, комиссиялардың қызметі туралы есептерді тыңдайды;
8) Парламентке Конституция жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 53-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңы

Жемчужина қоры

Билет сату

Мұрағат

December 2024
Mo Tu We Th Fr Sa Su
25 26 27 28 29 30 1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31 1 2 3 4 5

Жол жүру сұлбасы

Әлеуметтік желілер

       

Copyright © 2011-2019. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі